Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес - баршамыздың міндетіміз
- 12.11.2018
- |
- 0
- |
- 1730
- |
Дата письма 12.11.2018
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес - баршамыздың міндетіміз
Еліміздің президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев 2018 жылдың қазан айының 5 жұлдызында Қазақстан халқына «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты өзінің Жолдауын жолдады. Әрбір Жолдау – Қазақстанды дамытуға арналған қадамның қорғаушы күші. Елбасы бұл Жолдауында халықтың әл-ауқаты ең алдымен табыстардың тұрақты өсімі мен тұрмыс сапасына байланысты екендігін атап өтіп, халық табысының өсуі,тұрмыс сапасын арттыру,өмір сүруге жайлы орта қалыптастыру,азаматтар сұранысына бейімделген аппарат,тиімді сыртқы саясат, әрбір қазақстандықтың еліміздегі өзгерістер үдерістеріне ат салысуы туралы 6 саланы санамалап айтып берді.
Бұл құжатта сыбайлас жемқорлықпен белсенді күрес жалғасатындығы айтылды. Аталған күрес аясында көрсетілетін мемлекеттік қызметтер барысында мемлекеттік қызметшілердің тұрғындармен тікелей қарым-қатынасын азайтуға қол жеткізу қажеттігі, жалпы, 2019 жылы көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің 80 пайызы, ал 2020 жылы кемінде 90 пайызы электронды форматқа көшірілуге тиіс екендігі көрсетілді. Қазіргі кезде біздің басқармамызда салық төлеушілерге мемлекеттік қызметтің 19 түрі көрсетіледі, оның ішінде электронды форматтағы қызмет көрсету 95 %-ды құрайды. Елбасының бұл тапсырмасының орындалуы салық төлеуші мен қызметкер арасындағы тікелей қарым-қатынастың жойылуына, ал бұл өз кезегінде сыбайлас жемқорлықтың алдын-алуға мүмкіндік туғызатыны сөзсіз.
Жасыратыны жоқ сыбайлас жемқорлықпен күрес бүгінде елімізде мемлекеттік маңызы бар түйткілді мәселеге айналды, себебі бұндай әрекеттің мемлекеттік қызметкерлер тарапынан көрініс табуы мемлекеттің дамуына кедергі келтіріп қана қоймай, қоғамда өкіметке, билікке деген сенімсіздік тудырады.
Жемқорлық ұғымы заманауи құқықтық сөздік қолданысында кеңінен қолданылады және терең тарихи тамыры бар. Жемқорлықтың қарапайым түсінігі - лауазымды тұлғалар, қоғамдық және саяси қайраткерлер мен мемлекеттік шенеуніктердің өз қызметтерінде сараңдық мен сатқындық танытуы. Елімізде 18 қараша 2015 жылы «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заң қабылданғаны да баршаға мәлім.
Сыбайлас жемқорлық пен құқық бұзушылықтың зиянды зардаптарын жою, олардың алдын-алу және барлық мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдар өз құзіреті шегінде күрес жүргізу, яғни жемқорлықпен күресу - жалпыға ортақ міндет.
Сыбайлас жемқорлықпен күресте көп нәрсе бүкіл қоғамның белсене атсалысуына байланысты. Әлеуметтік желінің, өзге де медиа-ресурстардың дамуы жағдайында, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-әрекет барысында оны жалпы жұртшылықтың жек көруі күрестің қуатты құралына айналуға тиіс.
Автор: Түрксіб ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасының бас маманы Асылбекова Үміт Айткожақызы
Комментарии