Салық кодексіне енгізілген кейбір өзгерістер
- 09.11.2018
- |
- 0
- |
- 2259
- |
Дата письма 09.11.2018
Салық кодексіне енгізілген кейбір өзгерістер
Салықтар мемлекетпен бірге пайда болады және оның өмір сүруінің негізі болып табылады. Мемлекетті ұстау үшін оның азаматтарының ақшалай немесе натуралдық формада тұрақты түрде төлейтін жарналары қажет болады. Адамзаттың даму тарихында салықтың формалары мен әдістері мемлекеттің сұранымдары мен қажеттеріне қарай бейімделіп, өзгерістерге ұшырап отырады. Олардың қызмет ауқымы кеңейіп,әлеуметтік – экономикалық процестердегі рөлі де өзгеріп отырады. Тауар — ақша қатынастары неғұрлым дамыған жүйелерде салықтар да жақсы жамып, оларға мүмкіндігіше әсер етеді.
Қоғам талабы өзгергенгендіктен биыл тағы жаңа Салық кодексі қабылданды. Алдымен салық түрлерімен танысып алайық Тікелей салықтар – тікелей табысқа немесе мүлікке салынады. Оларға мыналар жатады: мүлік, жер, табыс, әлеуметтік, көлік салықтары. Табыс салығы – заңды немесе жеке тұлғалардың табысына салынады.
Жанама салықтар – тауар бағасына салынған түрі. Оларға қосылған құн салығы мен акциз және кеден, баж салығы жатады. Жаңа кодекстің ерекшелігі – әр ұйым өзіне қажетті ақпаратты соған қатысты тарауға кіріп біле алады. Заңның бәрін шолып шықпай-ақ, өзіне қажетті мәліметті алуына да болады. Жаңа салық кодексіндегі өзгерістерге түсінбей, салық төлеуші тарапынан қателік кетсе, Мемлекеттік кірістер комитетіне хат жолдай алады. Мұндай жағдайда арнайы мамандар тексере келе, қосылған өсімпұл мен айыппұлды алып тастайды.
Салықтық шегерімдер туралы да жеке тарау қарастырылған. Онда салықтық шегерімдердің түрлерін, оларды қолдану тәртібін және растайтын құжаттар көрсетілген. Мәселен, 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап келесі салық жеңілдіктері белгіленді.
Міндетті зейнетақы жарналары түріндегі салықтық шегерім (төлеп жүрген салықтан азайтылған мөлшер);
Зейнетақы төлемдері және жинақтаушы сақтандыру шарттары бойынша салықтық шегерім;
Стандартты салықтық шегерімдер (12 ең төменгі жалақы мөлшерінде, Ұлы Отан соғысына қатысушыларына, мүгедектерге, мүгедек балалардың ата-аналарына және т.б. жалпы сомасының жылда шекті мөлшері ең төмен жалақының 75 еселенген мөлшерінен аспауға тиіс. Ескере кететін тұс: егер тапқан табысыңыздан белгілі бір мөлшер қалған болса, 10 пайыз жеке табыс салығын төлейсіз.
Салықтық шегерім туралы тереңірек білу үшін Салық кодексі мұқият танысып шығуды қажет етеді.
Ипотека алғандарға салықтық шегерім жасалады.
Тұрғын үй құрылысы жинақ банктерінен ипотекаға тұрғын үй алғандар салықтан босатылмайды, тек салығы азайтылады. Жеке тұлғаның табысы сыйақы сомасына азайтылады. Мысалы, ипотека алған тұлғаның табысы 100 мың теңге деп алатын болсақ, 10 пайызы зейнетақы жарнасына кетеді, бір жалақының төменгі мөлшері жеке табыстан азайтылады. Бұл жердегі зейнетақы жарнасы да, бір жалақының төменгі мөлшері де (28 284 теңге) салық шегерімі болып тұр. Сонда 61 716 теңге шығады. Одан сыйақы сомасы алынып тасталады. Оны 2000 теңге деп алайық. 59 716 теңге табыс сомасынан 5971,6 теңге мөлшерінде жеке табыс салығы алынатын болады.
Оған қол жеткізу үшін мына құжаттарды тапсыруы керек:
Тұрғын үй құрылысы жинақ банкімен жасалған ипотекалық тұрғын үй қарызы шарты;
Сыйақы сомалары бөліп көрсетілген ипотекалық тұрғын үй қарызын өтеу кестесі;
Осындай қарыз бойынша сыйақының төленгенін растайтын құжат.
Егер салық төлеуші салық органының түсіндіруі бойынша әрекет етіп, оның соңында сол позиция өзгеріп кеткен болса, айыппұл, өсімпұл қолданылмайды
Тұрғын үй жинақ банкінде ғана емес, сонымен қатар басқа банктерден алынған ипотекалық тұрғын үй заемдары бойынша сыйақы жеке табыс салығын төлегенде табысынан алынып тасталады. Бірақ, бұл өзгеріс жалпыға бірдей декларация кезінен 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап енеді. Сонда аз мөлшерде жеке табыс салығын төлейтін боласыз.
Елімізде электронды сауда-саттық енді ғана қарқын алып келе жатыр. Соңғы он жылда әлемдік технологиялар қоғамға ендеп кіре бастады. Ғаламтор арқылы тауарларды сатып алатындардың қатары көбейді.
Енді сіздің сұранысыңызды жүзеге асырып отырғандарға біршама жеңілдіктер қарастырылып отыр. Атап айтқанда, заңды тұлғалар – корпоративтік табыс салығын, ал жеке кәсіпкерлер жеке табыс салығын төлеуден босатылады. Оған қалай қол жеткізуге болады?
Ол үшін:
Тауарларды өткізу жөніндегі мәмілелер электрондық нысанда рәсімделуі тиіс;
Тауарлар үшін ақы төлеу қолма-қол емес, төлем түрінде жүргізіледі. Тауарларды сатып алушыға жеткізетін қызметі болуы керек. Мысалы, арнайы қызметкерлері болса, немесе жүктерді тасымалдайтын курьерлік, пошталық қызметті жүзеге асыратын тұлғалармен шарт жасасуы қажет.
Уақтылы салық органына тіркеліп, тіркеу нөмірін алады. Содан кейін салық төлеуші ретінде қызметтің басталғаны немесе тоқтатылғаны туралы хабарлама беруі қажет.
Электрондық сауда кезінде тауарларды жөнелтуді, тасымалдауды, жеткізу мерзімін салық органы бекітеді. Осы талаптар сақталғанда ғана салық төлемі 100%-ға төмендетіледі. Яғни, қызметін интернет арқылы жүргізетін кәсіпкерлер салық түрлерін төлеуден толығымен босатылады. Сонымен қатар, жылдық жиынтық кірістің кемінде 90 пайызы электронды саудадан түсу керектігіне де мән берген жөн. Осы шарт орындалмаған жағдайда салық төлеушінің атап өткен жеңілдіктерді қолдануға құқы жоқ.
Демек, талаптардың біреуі жүзеге аспаса, салық мөлшері азайтылмайды. Мысалы, бір жылда 1 млн табыс тапсаңыз, 900 мың теңгесі таза электронды саудадан түссе ғана корпоративті табыс салығы мен жеке табыс салығын төлемейсіз.
Пәтерді жалға беретіндер патент ашса, 1 пайыз мөлшерінде ғана салық төлейді. Пәтерді жалға беретін тұлға патент ашқан жағдайда, 1 пайыз мөлшерінде салық төлейді. Былтыр 2 пайыз болатын. Ал, оңайлатылған декларация бойынша 3 пайыз мөлшерінде салық салынады. Патенттен әлеуметтік салық алынып тасталды. Сауда саласындағы қызмет түрлерін жүзеге асыратын тұлғалар үшін 2 пайыз мөлшеріндегі мөлшерлеме сақталды. Бұл ретте осындай салық төлеушілермен қолма-қол есепсіз жолмен алынған табыстарға 1 пайыз салық салынады. Ол үшін осындай салықтарды бөлу арқылы салық тізілімі жүргізілетін болады. 2020 жылдан бастап қызмет түрлері бойынша қосымша шектеулер енгізіледі.
Егер салықтық кезең ішінде салық салу объектісі меншік құқығында он екі айдан аз болса, төленуге жататын мүлік салығының мөлшері Салық кодексінің 532 бабының 2 тармағына сәйкес айқындалады. Соны он екіге бөліп, меншік құқығында болған айларының санына көбейту арқылы есептей аласыз. Бұл жерде пәтерді сатып алған ай мен сатқан кездегі мерзім жөнінде айтып отырмыз. Айта кететін жәйт, мүлік салығын меншік құқығына ие болған сәттен бастап төлеуіңіз керек.
Жаңа заң бойынша тағы бір ерекшелік – тіркелген шегерім негізіндегі жаңа арнаулы салық режимі енгізілді. Дәлірек айтсақ, кірістер мен шығыстар режимі. Бұл жаңа салық режимі бойынша жылдық жиынтық табыс сомасынан 30 пайыз мөлшерінде қосымша тіркелген шегерім қарастырылған. Қосымша шегерімді қолдану кезінде шегерімге апарылатын шығыстардың жалпы сомасы, қосымшаларды қоса алғанда, жылдық жиынтық табыстың 70 пайызынан аспау керек.
Өзіңіздің шағын және орта бизнесіңіз бар болса, 2020 жылдан бастап төленбеген салықтарды төлеу туралы талап қою мерзімі 5 жылдан 3 жылға қысқартылады, ал басқалары үшін 5 жыл болады. Бұрын төленген салық сомалары қайта қаралып, қосымша есептеледі.
Қорыта айтқанда Мемлекетке түсетін салық түсімдеріне тән ерікшелік – олар сан алуан қоғам қажеттеріне таратылып пайдаланады. Салықтардың мемлекет, басқа өкімет органдары белгілейтін сан алуан мақсатқа арналған жарналардан, аударымдардан, төлемдерден айырмашылығы осында. Бұған әлеуметтік сақтандыруға төленетін қатаң нысаналы аударымдар, жарналар, арнайы қорларға аударылатын жарналар мен аударымдар жатады. Бұл халықтың еңбекке қабілетті бөлігінің табыстарын еңбек белсенділігін арттыруға экономикалық мүдделігін арттыру арқылы көбейтуге мүмкіндік береді. Салық жүйесі арқылы қоғамның еңбекке қабілетсіз мүшелерін әлеуметтік қорғау қамтамасыз етіледі.
Автор: Алматы қаласы Алмалы ауданы бойынша мемлекеттік кірістер бөлімінің бас маманы Сәбитұлы Қуат Миркоджаев
Комментарии