Корпоративтік табыс салығы
- 24.09.2019
- |
- 1
- |
- 10423
- |
Дата письма 24.09.2019
Корпоративтік табыс салығы
Корпоративтік табыс салығын төлеушілер :
· Мемлекеттік мекемелерді және орта білім беретін мемлекеттік оқу орындарын қоспағанда, Қазақстан Республикасының резидент-заңды тұлғалары, сондай-ақ Қазақстан Республикасында қызметті тұрақты мекеме арқылы жүзеге асыратын немесе Қазақстан Республикасындағы көздерден кіріс алатын бейрезидент-заңды тұлғалар корпоративтік табыс салығын төлеушілер болып табылады.
· Шағын бизнес субъектілері үшін арнаулы салық режимін қолданатын заңды тұлғалар осы Кодекстің 20-бөліміне сәйкес, көрсетілген режимдер шеңберінде салық салынатын кірістер бойынша корпоративтік табыс салығын есептейді және төлейді.
Ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілер және ауыл шаруашылығы кооперативтері үшін арнаулы салық режимін қолданатын заңды тұлғалар осы Кодекстің 20-бөлімінде белгіленген ерекшеліктерді ескере отырып, көрсетілген режим шеңберінде салық салынатын кірістер бойынша корпоративтік табыс салығын және ол бойынша аванстық төлемдерді есептейді.
· Ойын бизнесі салығын, тіркелген салықты төлеушілер осы Кодекстің 16 және 17-бөлімдерінде көрсетілген қызмет түрлерін жүзеге асырудан түсетін кірістер бойынша корпоративтік табыс салығын төлеушілер болып табылмайды.
Салық салынатын табыс.
Салық салынатын табыс Салық Кодексінде көзделген түзетулерді ескере отырып жылдық жиынтық табыс пен шегерімдер арасындағы айырма ретінде айқындалады.
Резидент заңды тұлғаның жылдық жиынтық табысы салық кезеңi iшiнде Қазақстан Республикасы мен шет елдерде алынған табыстардың барлық түрлерінен тұрады. Табыстың негізгі элементтері - бұл тауарларды (жұмыстарды, қызметтерді) сатудан түскен пайда, мүлікті жалға беруден түсетін кірістер, активтердің құн өсiмiнен түсетiн табыс, дивидендтер, сыйақылар, валюта курсының айырмашылығынан түскен табыс, ұтыстар және табыстың басқа да түрлері болып табылады. Салық төлеушінің жалпы жылдық кірісі түзетуге жатады. Мысалы, жиынтық табыстан Қазақстан Республикасының резидент заңды тұлғасы алған дивидендтер, Қазақстан Республикасында төлем көзінен бұрын алынған табыстар және табыс кейбір басқа түрлері алынады.
Жылдық жиынтық табыс алумен байланысты салық төлеушiнiң шығыстары салық салынатын табысты айқындау кезінде шегерімге жатады, мысалы, сатып алынған немесе өндірілген тауарлардың (жұмыстардың, қызметтердің) өзіндік құны, транспорттық шығындар, коммуналдық шығындар, негізгі құралдардың топтары ҚР заңнамасында белгіленген негізгі активтердің топтарына сәйкес нормалар шегінде негізгі активтерді жөндеуге кететін және амортизациялық шығындар, алынған несиеге берілетін сыйақылар, сақтандыру сыйақы шығындары, әлеуметтік төлем шығындары, валюта бағамынын теріс айырмасынан пайда болған шығыстар, салық шығындары т.б. Алайда, шығындардың кейбір түрлері белгіленген шекте ғана шегерімге жатады, мысалы, өкілдік шығындары, сыйақыға арналған шығындар, негізгі құралдарға кеткен шығындар (техникалық қызмет көрсету және амортизация), қызметкерлерді оқыту бойынша шығыстар және т.б.
Шегерiмдер салық төлеушiде жылдық жиынтық табысты алуға кеткен шығындарды растайтын құжаттар болған кезде жүзеге асырылады. Бұл шығыстар болашақ шығыстарды қоспағанда, іс жүзінде жүзеге асырылған салық кезеңінде шегеріледі. Болашақ кезеңдер бойынша шығыстар олар жататын салық кезеңінде шегеріледі.
Салық салынатын табыс одан әрі түзетілуге жатады. Атап айтқанда, салық төлеушінің әлеуметтік объектілерді қамтамасыз етуге жұмсаған шығыстары салық салынатын табысының 3 проценті шегінде шегерілуге жатады.
Кәсіпкерлік қызметтен түскен залал - кейінгі салық кезеңдерінде салық салынатын табысты төлеу үшін келесі 10 жылдағы салықтық есепте салықтық есепке алынуы мүмкін түзетілген жылдық жиынтық табыстың шегерілуінен асып кету.
Салық ставкасы
§ 10 % - ауыл шаруашылығы өнімін, омарта шаруашылығы өнімін, акваөсіру (балық өсіру шаруашылығы) өнімін өндіруші заңды тұлғалардың салық салынатын табысына қолданылады;
§ 20% - жалпыға ортақ салық режимін қолданатын заңды тұлғалардың салық салынатын табысына қолданылады;
§ 15% - төленген кіріс сомасына қолданылады (бейрезидент Қазақстан Республикасындағы көздерден алған табыстардан басқа). Кірістердің кейбір түрлері төлем көзінен салық салынатын болады. Оларға, дивидендтер, бейрезидент тұлға Қазақстан Республикасындағы көздерден алған кірістер, заңды тұлғаларға төленетін сыйақы және басқалар жатады. Салық кірістерді төлеу нысаны мен орнына қарамастан табыс төлеу кезінде төлем көзінен ұсталады, әдетте, төлем жүргізілген ай аяқталғаннан кейін бес жұмыс күнінен кешіктірмей беріледі.
Корпоративтік табыс салығы кейінгі салық кезеңдерінің салық салынатын табысы есебінен өтеу үшін 10 жылға дейін қоса алғанда өтелген шығындар сомасына азайтылған түзетулерді ескере отырып, ставканы қолдану арқылы салық кезеңі үшін есептеледі.
Салық кезеңі
Корпоративтік табыс салығы есептеу кезеңі күнтізбелік жыл (1 қаңтардан бастап 31 желтоқсанға дейін).
Салық декларациясын өткізу мерзімі
Корпоративтік табыс салығы бойынша декларация салық салу объектiлерi және (немесе) салық салумен байланысты объектiлер туралы ақпаратты ашып көрсету жөнiндегi декларациядан және оған қосымшалардан тұрады. Қазақстан Республикасындағы көздерден тек қана төлем көзiнен салық салуға жататын табыстар алатын және Қазақстан Республикасында қызметiн тұрақты мекеме арқылы жүзеге асырмайтын бейрезиденттi қоспағанда, корпоративтік табыс салығын төлеушi, корпоративтік табыс салығы бойынша декларацияны орналасқан жеріндегі салық органына есептiк салық кезеңiнен кейiнгi жылдың 31 наурызынан кешiктiрмей табыс етедi.
Салық төлеу мерзімі
Салық төлеушi салық кезеңiнің қорытындысы бойынша корпоративтік табыс салығы бойынша төлемдi декларация табыс ету үшiн белгiленген мерзiмнен кейiн күнтізбелік он күннен кешiктiрмей жүзеге асырады.
Автор: Алматы қаласы Наурызбай ауданы кірістер басқармасының бас маманы Рысбекова Айдана Ерболатқызы
Комментарии