Күн тәртібі; Жеке тұлғалардың соттан тыс банкроттығы

  • 21.08.2026
  • |
  • 0
  • |
  • 18
  • |
  • 0

Дата письма 20.08.2026

Күн тәртібі; Жеке тұлғалардың соттан тыс банкроттығы

 

Кіріспе

Қазақстан Республикасында азаматтардың банкроттығы туралы заң 2023 жылғы 3 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді. Бұл заңның негізгі мақсаты – қаржылық қиындыққа тап болған азаматтарға өздерінің өтелмейтін қарыздарын заңды түрде реттеуге мүмкіндік беру.

Банкроттықтың бірнеше түрі бар: соттан тыс банкроттық, сот арқылы банкроттық және төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімі. Соның ішінде соттан тыс банкроттық – талаптарға сәйкес келетін азаматтар үшін ең жеңілдетілген рәсімдердің бірі.

1. Соттан тыс банкроттық дегеніміз не?

Соттан тыс банкроттық – азаматтың қарыздарын сотқа жүгінбей, электрондық түрде рәсімдеу арқылы тоқтатуға мүмкіндік беретін процедура.

Бұл рәсім негізінен банктер, микроқаржы ұйымдары және коллекторлық агенттіктер алдындағы қарыздарға қолданылады.

Өтінішті азаматтың өзі береді. Қызмет eGov.kz порталы, eGov Mobile, e-Salyq Azamat арқылы, сондай-ақ ЦОН арқылы қолжетімді. Қызмет тегін көрсетіледі.

2. Соттан тыс банкроттыққа кім өтініш бере алады?

Негізгі талаптар:

* қарыз мөлшері 1600 АЕК-тен аспауы тиіс;

* қарыз бойынша 12 айдан астам уақыт бойы төлем жасалмаған болуы керек;

* азаматтың атына тіркелген мүлік, соның ішінде ортақ меншіктегі мүлік болмауы керек;

* банкпен немесе микроқаржы ұйымымен қарызды реттеу рәсімі жүргізілуі керек.

Сонымен қатар заңда ерекше жағдайлар қарастырылған. Мысалы, азамат соңғы 6 ай бойы атаулы әлеуметтік көмек алған болса, 12 айлық мерзім талабы қолданылмайды. Ал қарыз бойынша міндеттемелер 5 жылдан астам уақыт орындалмаған жағдайда арнайы жеңілдіктер қарастырылған.

3. Қандай қарыздар есепке алынады?

Соттан тыс банкроттық негізінен:

* екінші деңгейлі банктер алдындағы қарыздарға;

* микроқаржы ұйымдары алдындағы қарыздарға;

* коллекторлық агенттіктер алдындағы қарыздарға қолданылады.

Ал басқа кредиторлар алдындағы көптеген қарыздар немесе белгіленген шектен асатын қарыздар сот арқылы банкроттық рәсіміне жатуы мүмкін.

4. Өтініш беру тәртібі

Бірінші кезекте азамат өзінің кредиттік міндеттемелері туралы ақпаратты тексеруі қажет.

Одан кейін өзінің атына тіркелген мүліктің бар-жоғын анықтайды. Егер банк немесе МҚҰ алдындағы қарыз болса, қарызды реттеу бойынша кредиторға жүгіну қажет.

Кейін азамат eGov.kz немесе eGov Mobile арқылы банкроттық рәсімін қолдану туралы өтініш береді. Өтінішке байланысты жұбайының да жеке деректерді жинауға және өңдеуге келісімі талап етілуі мүмкін.

Өтініштің нәтижесі әдетте 15 жұмыс күні ішінде жеке кабинетте көрсетіледі.

5. Процедура қанша уақытқа созылады?

Жалпы жағдайда соттан тыс банкроттық рәсімі 6 айға дейін жүргізіледі.

Қарызы 1600 АЕК-тен аспайтын және міндеттемелері 5 жылдан астам уақыт орындалмаған азаматтарға қатысты рәсім 1 ай ішінде жүргізілуі мүмкін.

6. Банкроттықтың салдары

Банкрот деп танылған азамат үшін белгілі бір шектеулер пайда болады.

Біріншіден, банкроттықтан кейін 5 жыл ішінде жаңа кредиттер мен қарыздарды алуға шектеу қойылады, заңда көрсетілген ерекшеліктерді қоспағанда.

Екіншіден, азамат қайтадан банкроттық рәсімін тек 7 жылдан кейін қолдана алады.

Үшіншіден, банкроттықтан кейін 3 жыл бойы азаматтың қаржылық жағдайына мониторинг жүргізіледі.

Қорытынды

Қорытындылай келе, жеке тұлғалардың соттан тыс банкроттығы – қаржылық қиындыққа тап болған және қарыздарын өтеуге мүмкіндігі жоқ азаматтарға арналған заңды механизм.

Бұл рәсім азаматты шамадан тыс қарыз жүктемесінен босатуға мүмкіндік береді. Алайда банкроттықты рәсімдеу маңызды қаржылық шешім болғандықтан, азамат өзінің барлық қарыздарын, мүлкін және банкроттықтың кейінгі салдарын алдын ала мұқият бағалауы қажет.

Сондықтан соттан тыс банкроттықты тек заңда белгіленген талаптарға толық сәйкес келетін және қарызын өтеуге нақты мүмкіндігі жоқ азаматтар қолданғаны дұрыс.

Автор: Сарайшық ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы. Берешекпен жұмыс бөлімі.

Комментарии


Оформить подписку

Будьте в курсе наших акций и спецпредложений!