2026 жылғы жаңа Салық кодексіне сәйкес салықтық зерттеп-қарауды жүргізу, оның нәтижелері бойынша салық төлеушінің тұрған жерін растау және тиісті хабарламаны орындау тәртібі

  • 19.10.2026
  • |
  • 0
  • |
  • 26
  • |
  • 0

Дата письма 16.10.2026

2026 жылғы жаңа Салық кодексіне сәйкес салықтық зерттеп-қарауды жүргізу, оның нәтижелері бойынша салық төлеушінің тұрған жерін растау және тиісті хабарламаны орындау тәртібі

Қазақстан Республикасының 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілген жаңа Салық кодексінің 181-бабына сәйкес, салықтық зерттеп-қарау салық төлеушінің (салық агентінің) тіркеу деректерінде көрсетілген тұрған жері бойынша іс жүзінде бар немесе жоқ екенін растау мақсатында салық органы жүзеге асыратын іс-шара болып табылады.

Салықтық зерттеп-қарау салық төлеушінің тіркеу деректерінде көрсетілген мекенжайы бойынша жұмыс уақытында жүргізіледі. Зерттеп-қарауды жүргізу барысында Қазақстан Республикасының Салық кодексінде белгіленген тәртіппен куәгерлер тартылады.

Салықтық зерттеп-қарауды жүргізуге салық төлеушіге салықтық тексеруге қатысты құжаттарды табыс етудің мүмкін болмауы, сондай-ақ тіркеу деректерінде көрсетілген мекенжайы бойынша салық төлеушінің болмауына байланысты пошта хат-хабарларының кері қайтарылуы және байланыс деректері арқылы хабарласу мүмкіндігінің болмауы негіз болып табылады.

Салық кодексінің 181-бабының 3-тармағына сәйкес, салық төлеушіге салықтық зерттеп-қараудың жүргізілетіні туралы веб-қосымша немесе веб-портал арқылы алдын ала, зерттеп-қарау жүргізілетін күнге дейін кемінде үш жұмыс күні бұрын хабарланады.

Егер салықтық зерттеп-қарау нәтижесінде салық төлеушінің тіркеу деректерінде көрсетілген тұрған жері бойынша болмау фактісі анықталса, салық органының лауазымды адамы куәгерлердің қатысуымен салықтық зерттеп-қарау актісін жасайды. Актіге зерттеп-қарауды жүргізген лауазымды адам және куәгерлер қол қояды. Қажет болған жағдайда актіге фотосуреттер, бейнежазбалар және басқа да растайтын материалдар қоса берілуі мүмкін.

Салық органы салықтық зерттеп-қарау актісі жасалған күннен кейінгі күннен кешіктірмей салық төлеуші туралы тиісті мәліметтерді уәкілетті органның интернет-ресурсында орналастырады және салық төлеушінің тұрған жерін (оның жоқ екенін) растау туралы хабарлама жібереді.

Хабарламаны алған салық төлеуші салық органына өзі келіп, салықтық зерттеп-қарау кезінде тіркеу мекенжайында болмау себептері туралы түсініктеме және өзінің нақты тұрған жерін растайтын құжаттарды ұсынуға міндетті.

Мұндай құжаттарға жылжымайтын мүлікке меншік құқығын немесе оны пайдалану құқығын растайтын құжаттар, сондай-ақ заңнамада көзделген жағдайда жылжымайтын мүлік меншік иесінің нотариат куәландырған келісімі жатады. Құжаттар Салық кодексінің 181-бабында белгіленген талаптарға сәйкес ұсынылуға тиіс.

Салық кодексінің 83-бабының 2-тармағына сәйкес, салық төлеушінің тұрған жерін (оның жоқ екенін) растау туралы хабарламаны орындау мерзімі хабарлама табыс етілген күннен кейінгі 20 жұмыс күнін құрайды. Сондықтан белгіленген мерзімнің сақталуына және растайтын құжаттардың толық ұсынылуына ерекше назар аудару қажет.

Хабарлама белгіленген мерзімде орындалмаған жағдайда, Салық кодексінің 181-бабының 7-тармағына сәйкес, салық органы хабарламаны орындау мерзімі аяқталғаннан кейінгі келесі жұмыс күні салық төлеушінің электрондық шот-фактураларды жазып беруін тоқтата тұрады.

Сонымен қатар салық төлеушілерге тіркеу деректерінде көрсетілген мекенжайының өзектілігін қамтамасыз ету, салық органдарынан келіп түсетін хабарламаларды уақтылы қарау және салықтық зерттеп-қарау нәтижелері бойынша талап етілетін құжаттарды белгіленген мерзімде ұсыну қажеттігі ескертіледі.

Қорытындылай келе, салықтық зерттеп-қарау жүргізілген жағдайда салық төлеуші өзінің тіркеу мекенжайы бойынша нақты орналасқанын растауға, ал тиісті хабарлама алынған кезде онда көрсетілген талаптарды уақытылы орындауға міндетті. Бұл салық заңнамасының талаптарын сақтауға және кәсіпкерлік қызметке байланысты шектеу шараларының қолданылуын болдырмауға мүмкіндік береді.

Автор: Сарайшық ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасының заңды тұлғаларды әкімшілендіру бөлімінің бас маманы Жунісәлі Нурсұлтан Ерболатұлы

Комментарии


Оформить подписку

Будьте в курсе наших акций и спецпредложений!